Міне, тағы бір оқу жылын аяқтадық. Бүгін облысымыздың барлық деңгейдегі мектептерінде, бір мезетте соңғы қоңырау салтанатты жиындары өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов үздік ұстаздарымен, үздік шәкірттерімен, үздік білім беру жолымен дараланған Назарбаев зияткерлік мектебіне келіп, білім ордасының қуанышына ортақтасты. Ақ Жайықта осыдан алты жыл бұрын есігін айқара ашқан Елбасы атындағы мектеп биыл төртінші түлектерін ұядан ұшырды. Бүгінгі күн білім ұясынан қанатын қомдаған 85 түлектің, 85 қарлығаштың мерекесі десек артық айтпаймыз. Өйткені бар ықылас, бар тілек, бар құрмет соларға арналды. Салтанатты жиында облыс басшысы Алтай Көлгінов түлектерге сәт-сапар тілеп, ұстаздар еңбегіне жоғары баға берді.
|