Оқулық баспаға дайын! |
23.08.2018 11:28 |
Бүгін облыстық білім басқармасының алдына қойған тағы бір мақсатты ісі – өз межесіне таяғанын көріп, қуанып қалдық. Бұдан біраз бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті әкімшілігімен әр өңірдің, әр өлкенің тарихын бойына тұтастырған «Өлкетану» оқулығын дайындау жөнінде тапсырма берілген еді. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясы 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» курсының оқу бағдарламасын әзірледі. Сөйтіп жаңартылған мазмұнда осы оқу бағдарламасына, яғни нұсқаулыққа сәйкес әр өңірдің өз оқулығы дайындалды. Оқулықты құрастыруға облыстағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, тарихшылар, өлкетанушылар, тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер тартылды. Көп тер төгілді, арнайы сараптау комиссиясы талмай жұмыс істеді. Бүгін Достық үйінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың қатысуымен екі тілде дайындалып, баспаға жол тартқалы отырған «Өлкетану», «Краеведение» оқулығының таныстырылымы өтті. – Бұл оқулықтың маңыздылығы - өскелең ұрпақ туған өлке тарихын, оның мәдениетін, тарихи тұлғаларын, тарихи-мәдени ошақтарын біліп, көріп, санасына сіңіріп өссін деген мақсатпен жасақталды. Бірнеше рет мемлекеттік деңгейде сараптамадан өткізілді. Ескертпелерімен қайтып та келді, қайтадан өңделіп, комиссия отырысында талқыға түсіп, енді баспаға жіберілгелі тұр. Кез-келген дүниені жаңартып, жаңғыртып отыру заман талабы. Алайда тарих өзгермейді. Сондықтан бұл оқулық та қатып қалған дүние емес, әлі талай қарастырылып, толықтырылады, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, оқулық 34 мыңнан астам данамен «Арман-ПВ» баспасынан басылып шығады және төрт пән - қазақ тілі мен әдебиеті, география, музыка, Қазақстан тарихы пәндеріне кіріктіріліп оқытылады. Оқу жүктемесінің көлемі – 20 сағат, соның ішінде 5-сыныпта – 5 сағат, 6-сыныпта - 7 сағат, 7 сыныпта – 8 сағат деп белгіленіп отыр. Бұдан әрі «Өлкетану» оқулығының дайындалу барысы туралы авторлық кеңестің төрайымы, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Динара Шакаева баяндап өтті. Ал аға буын өкілдерінен өлкетанушы, сараптау кеңесінің мүшесі Жайсаң Ақбай атқарылған іске оң бағасын берсе, тарихшы-ғалым, оқулық авторларының бірі Жаңабек Жақсығалиев Қазақстан тарихы пәні бойынша оқулыққа енген мағлұматтарға тоқталды (бейнежазбасын салып отырмыз). |