Ұстаздар ұлықталған күн
Monday, 20 August 2018 18:47

Бүгін білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы облыстық деңгейде өтті. Аталмыш жиынға арнайы шақырылған қонақтар алыс-жақыннан төрт көзі түгелдей келді.

Күнделікті өмірде қолға түсе бермейтін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының басқарма басшысы Күләш Шамшидинова, “Knowledge Engineering” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нартай Әшім, «АstanaGardenSchool» басшысы, білім беру технологиялары бойынша тренері Нұрмұхаммед Досыбаев, “EDTECH” халықаралық білім орталығының бас директоры, психолог Ғани Бейсембаев секілді білім беру саласының заманауи тәсілдерін ұстаздарға қолжетімді етуге еңбек сіңіріп жүрген хас шеберлердің Жайық өңіріне ат басын бұруы жаңалыққа жаны құштар ұстаздар қауымы үшін өлшеусіз сый болды. Жалпы, соңғы уақытта облыстық білім басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен біздің педагогтеріміз осындай спикерлерді көзбе-көз тыңдау мүмкіндігіне ие болып жүр. Бұл – біздің мақтанатын тұсымыз. Сонымен тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісіне облыс басшысы Алтай Көлгінов қатысып, құттықтау сөзін арнады. Тәуелсіз еліміздің елордасы Астананың 20 жылдығын, қосымша білім беру саласының 100 жылдығын, «Болашақ» бағдарламасының қабылданғанына биыл 25 жыл толуын, осы жылдар ішінде 12 мыңнан астам жас маманның әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүргенін, оған қоса Назарбаев зияткерлік мектептеріне биыл 10 жыл толғанын айта келіп, Алтай Сейдірұлы «бұл жәй ғана той емес, мемлекетіміздің білімге деген қамқорлығы» деп түйін жасады. Бұдан соң мінберге көтерілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов еліміздің білім беру жүйесінің бүгінгі жай-күйін санайғақтармен сөйлетті. Латын қарпіне көшу бағытындағы жұмыстарға тоқтала келіп, ендігі жерде жоғары оқу орындарының білім сапасын көтеруге мән берілетінін айтты. Министрлік өкілінің айтуынша, биылғы жыл колледждер мен ЖОО-лардың жауапкершілігін, біліктілігін көтеруге арналмақ. ЖОО-лардағы еңбек нарығында сұраныста жоқ мамандықтардың тізбесі қайта қаралатын болады.
Бұдан әрі жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру тақырыбында сөз алған Күләш Ноғатайқызын жиналғандар ұйып тыңдады. – Әрбір бала ертеңгі күн өмірдегі орнын табуы керек. Ал оның өмірінің негізгі бөлігін еңбек нарығындағы жұмысы құрайды. Жаңа технологиялардың енгізілуімен салалардағы еңбек үдерістері өзгеріске ұшырауда. Яғни мамандықтардың да бет-бейнесі өзгерді. Бұдан келіп адамзат алдындағы міндет те өзгеріп отыр. Жұмыс орындары басқаша сипат алып, жаңа мамандықтар келіп, кейбір мамандықтарды «зейнеткерлікке» ысырып шығаруда. Бүкіләлімдік экономикалық форумның мәліметінше, 2020 жылға қарай 5 млн. адамның жұмыс орнын жоғалту қаупі бар. 7,1 млн адам өз жұмыстарын алмастыруға мәжбүр болады. Өйткені олардың орнын жасанды интеллект басуы кәдік. Осы жерден келіп заңды сұрақ туады. Баланы өзіміз оқыған бағдарламамен оқыту тиімді ме?! Ғалымдар егер балаңыздың келешегі сәтсіз болсын десеңіз, оқыта беріңіз дейді. Енді жаңартылған білім беру мазмұны біздің білім беру жүйемізге 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілді. Жаңартылған білім беру мазмұны бүгінде біздің қажеттілігімізге қаншалықты жауап бере алады, талап үдемізден шыға алды ма? 2015 жылдан бері ұзақмерзімді зерттеу жүргізіліп бастады. Бізде ескі стандартпен оқып жатқан министрлікпен анықталған бақылауда тұрған мектептер бар, сондай-ақ жаңартылған білім беру мазмұнымен оқытуды бастаған 30 пилоттық мектеп бар. Нәтиже қандай? Рас, бақылаудағы мектептер басында жақсы нәтиже көрсетті. Ал пилоттық мектептерде оқытуды бастағаннан-ақ білім сапасының екі есеге өскені байқалды. Сондықтан жаңартылған білім беру мазмұнына күмәнданудың қажет жоқ. Жаңа бағытқа бет бұрған білім беру жүйеміз жаңа сапалық деңгейге, әлемдік деңгейге жетіп келеді, - деді Күләш Ноғатайқызы.
Конференция барысында оқу мен оқытудағы сандық технологияларды қолдану туралы “Knowledge Engineering” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нартай Әшім тұшымды әңгімелесе, Қазақстандық мектептер алдында тұрған 21 ғасыр сын-тегеуріндері: шешу жолдары туралы «АstanaGardenSchool» басшысы, білім беру технологиялары бойынша тренері Нұрмұхаммед Досыбаев, “Білім беру триумфі” тақырыбында “EDTECH” халықаралық білім орталығының бас директоры, психолог Ғани Бейсембаев айтып өтті.
Дәстүрлі тамыз кеңесі барысында «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы боп танылған Орал қаласының №44 мектеп-гимназиясына 22 627 200 теңгенің сертификаты табыс етілді. №35 мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәндері мұғалімі Гүлмира Ташаева орта білім беретін ұйымдар арасында «Үздік педагог» боп танылса, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында «Үздік педагог» ретінде Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әсел Ғалиасқарова танылды.
Бірқатар білім саласының өкілдері Ы. Алтынсарин төсбелгiсiмен, енді біреулері «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсiмен марапатталды. Ал Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловқа табыс етілді. Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев білім беру жүйесі мамандарының тағы бір тобына «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгiсін ұсынды.
Орта білім беретін ұйымдар арасындағы «Оқу-тәрбие үрдісінде көшбасшылық танытқан мектеп» номинациясы бойынша Орал қаласының №41 жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп-лицейі дараланса, «Мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Үздік шығармашыл ұжым» номинациясына Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №5 «Ертегі» бөбекжайы лайықты деп танылды. «Кәсіптік техникалық ұйымдар арасында «Инновациялық колледж» номинациясын Орал политехникалық колледжі мен инклюзивті білім беру бойынша мектептер арасында «Біз біргеміз» номинациясын Ақжайық ауданы Алмалы орта жалпы білім беретін мектебі еншіледі. Ал қосымша білім беру ұйымдары арасында «Қосымша білім берудің шығармашылық педагогы» номинациясымен Жәнібек ауданы мектептен тыс жұмыс орталығының «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Мақсат Өтепбергенов, «Білім тақырыбын БАҚ-та үздік насихаттағаны үшін» номинациясы бойынша «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚОФ редактор-тележүргізушісі Алмагүл Жампейісова мен «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлжамал Кенжеғалиевалар марапатталды. Түстен кейін тамыз кеңесі секциялық жұмыстармен өз жалғасын тапты.

 

1

2

3

4

 

Видео уроки

1

Call-center «111»

1

Kazakhstan Land of the Great Steppe

1

Открытое правительство

OpenGov

Фонд социального медицинского страхования

Министерство здравоохранения Республики Казахстан