Әдіскерлер жұмысына бағдар берілді |
08.08.2018 12:08 |
Бүгін тәрбие жұмысын, әлеуметтік-психологиялық қызметті қадағалайтын әдіскерлер және инклюзивті білім беруге жетекшілік ететін мамандар, білім беру ұйымдары басшыларының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілер, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, дефектолог-логопед, түзеу сынып педагогтері №47 мектепте бас қосып, облыстық тамыз педагогикалық кеңесі аясындағы секциялық жұмыстарға қатысты. Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқу-әдістемелік кабинеті «Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы: қазіргі заманғы модель, даму үрдістері және перспективалары» тақырыбымен ұйымдастырған шараның түске дейінгі пленарлық мәжілісіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімшесінің инспекторы Руслан Асқаров, БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің балалар, білім беру обьектілеріне санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Құрманай Жұмағалиева, тағы басқалары қатысып, жиналғандарды жаңа оқу жылында жұмыстануға сұранып тұрған жоспарлы іс-шаралармен, өзгеріс-жаңалықтармен таныстырды. Облыстағы инклюзивті, арнаулы білім берудің жүзеге асырылуы туралы басқарманың инклюзивті, арнаулы білім беру, балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Ерік Тұяқов айтып өтті. - Өздеріңізге белгілі облыста 3 педагогикалық-психологиялық кеңес беру мекемесі, 12 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті және 3 арнайы мектеп-интернаты жұмыс жасайды. Осы үш кеңес беру мекемесінде бүгінгі таңда 6025 ерекше білім беруге қажеттілігі бар бала есепте тұр. Соның ішінде 1658-і мүгедектер санатына жатады. Қалған санаттағы балалар ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар болып есептеледі. Облыста есепте тұрған балалардың саны жылдан-жылға төмендеп келеді. Яғни, жыл сайын 6979-дан 6487-ге, одан 6091-ге азайып, ал биылғы жылы 6025 балаға дейін кеміп отыр. Бұл тыңғылықты атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Бүгінгі күні облыста 18 арнайы топ, 32 инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс жасайды. Бұл мектепке дейінгі ұйымдарда 689 бала инклюзивті тәрбиелеумен қамтамасыз етіліп отыр. 80 мектепке дейінгі ұйым мүгедек балалар үшін «Кедергісіз аймақ» талаптарына сай қамтамасыз етілген. 237 мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. 226 педагог-дефектолог бірлігі енгізілген. Соның ішінде 69 логопедиялық бөлімше жұмыс жасайды, - деді Ерік Ибатоллаұлы.
|