ӨЛКЕТАНУ
Батыс Қазақстан облысы

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының 2017 жылғы 26 сәуірдегі 1.3 т. хаттамалық тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 5-7 сыныптарға арналған жалпы көлемі 20 сағаттан тұратын «Өлкетану» курсы оқу бағдарламасын әзірледі.

Аталған курс 2018-2019 оқу жылынан бастап «География», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы» және «Музыка» пәндерінің аясында оқытылатын болады.

Батыс Қазақстан облысы өзінің «Өлкетану» оқулығын дайындады. Сондықтан аталған оқулық бойынша өз пікірлеріңізді қалдыруды сұраймыз.


«БатысБілімTalks» лекторийінің екінші сессиясы
08.06.2018 17:11

Облыстық білім басқармасының жақында бастау алған серпінді жобасы -«БатысБілімTalks» лекторийінің екінші сессиясы бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Бұл сессияның ерекшелігі – облыстық білім саласы қызметкерлері алдында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары, PhD докторы Нәзипа Аюбаева «Кәсіби біліктілікті дамытудағы ұстаздардың кәсіби ынтымақтастығы» тақырыбында дәріс оқыды. Нәзипа Аюбаева - Кембридж университетінде докторлық қорғаған тұңғыш қазақ қызы! Алғысөзінде бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жан-жақты айтып өтті.

Дәрісалды әңгімесін өзін таныстырудан бастаған Нәзипа Алтынбекқызы Кембридж университетінің әуелі магистратурасын, кейін докторантурасын тәмамдағанын, бүгінде еліміздің білім беру саласында қызмет етуші ұстаздар қауымын кәсіби тұрғыда дамытуға күш салып жүргенін баяндап өтті. - Ең алғаш Назарбаев Зияткерлік мектептерін ашу барысында жаңа мектепке жаңа мазмұндағы білім беру үрдісі қажеттігі айқындалды. Кембриджге барып, білім алу туралы идея да осы кездің жемісі-тұғын. Бұл міндет маған жүктелді. Сөйтіп, құжат жинауға кірісіп кеттім. Әрине, өз білімімді дәлелдей аламын ба, жоқ па деп іштей қобалжу болды. Мен бұл қорқыныш сезімін біраз уақыт жасырып келдім. Алайда Кембридждегі бес жылым, алған білімім мен ондағы дағдылар мені ашықтыққа үйретті. Бүгін мен сіздермен шет елдегі бес жылдық тәжірибеммен бөліспекпін. Мұғалім өз тәжірибесін қалай көре алады, оқушыны тұлға ретінде қалыптастыруға қалай көмектесе алады? Осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғаймыз. Неге біз «Кәсіби біліктілікті дамытудағы ұстаздардың кәсіби ынтымақтастығы» тақырыбын алып отырмыз. Өйткені мен дәл осы тақырыпты зерттеген едім, - деп сөзін бастаған мейманымыз «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Кембридж университетімен жұмыс жасауға неліктен тоқтағанын баяндады. - Бізде ЖОО-лар жоғары білім берумен ғана айналысады деген жаңсақ ұғым бар. Біз Кембриджге келгенде бұл ойдың қате екенін білдік, университеттің орта білім саласына терең талдау жүргізіп отырғанын көрдік, - деген Н.Алтынбекқызы бұдан әрі өз дәрісін Кембридж университеті, кәсіби біліктілікті артырудағы ұстаздар ынтымақтастығы, рефлексиялық тәжірибені дамыту, іс-әрекеттегі зерттеу секілді тақырыптар төңірегіне топтастырып жеткізді. 1209 жылы негізі қаланған Кембридж қабырғасынан Нобель сыйлығының 116 лауреаты, 13 премьер-министр шыққанын, университетте 150 факультет, 15 миллион кітап қоры бар 100 кітапхана, 31 колледж бар екенін осы жорықта жадымызға түйдік. Спикер Кембридж университеті Білім беру факультетінің орта білімді дамытудағы ғылыми зерттеулер саласындағы басымдығына жан-жақты тоқталып, мұғалім рөлінің маңызын сөз етті. Оқушылардың жақсы нәтижелері мұғалімнің шеберлігіне байланысты екенін, барлық дамыған елдер мұғалімнің мектеп ішіндегі кәсіби дамуына баса көңіл аударатынын айтты. Бұл орайда Н.Алтынбекқызы Лоуренс Стенхауздың «Орта мектепті оны ішінен түсінетін мұғалімдер ғана өзгерте алады» деген цитатасын орынды келтіргенін байқампаз жандар қалт жібермеген шығар. Бүгінгі дәрістің тұздығы - педагогтердің кәсіби ынтымақтастығы деген ұғымға – ортақ мақсатқа жету үшін екі немесе бірнеше педагог кәсіби тәжірибемен алмаса отырып, өзара білім алатын бірлескен кәсіби іс-әрекет деп баға берген ғалым сөз арасында ұстаздар қауымына да тапсырмалар жүктеп отырды. Мәселен, «Ананың иісі» әңгімесін оқып, мұғалім ретінде алған әсерін жанындағы адаммен бөлісуге шақырды. Нәзипа ханымның «өзіңді-өзің жетілдіріп, дамыта түсу үшін әрдайым жаныңда тек жағымды пікір айтатын достан гөрі, мініңді бетке айтатын сыншыл жанның болғаны жақсы, ондай адамдардан қашпау керек» дегені өзгені білмеймін, өзіме ой салғаны анық. Нәзипа Алтынбекқызының бүгінгі оқушының ой-өресіне жоғары баға беріп, мұғалімнің көп ізденіп, өз іс-әрекетіне үнемі зерттеу жүргізу қажеттігіне назар аударғанын тыңдаушылар ойға түйді деп сенеміз.
Күнде қолға түсе бермейтін қонақтың дәрісінен соң, бұл күнгі басқосу «Мектеп тәжірибесінде сабақты зерттеу – серіктестік арқылы кәсіби даму» тақырыбында НЗМ педагогтері мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы тренерлерінің шеберлік-сыныптарына жалғасты. Айта кетелік, олардың арасында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Мәдина Тыныбаева да болды. «Білім мазмұнын жаңарту жағдайында сабақты зерттеу үшін фокустық сұрақты қалай анықтауға болады?», «Топ құру және сабақты зерттеу тобында рольдерді бөлу», «Сабақты зерттеу үдерісіндегі бірлескен бақылау техникалары» тақырыптарымен өткен шеберлік сыныптары білім саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына жол ашты.

1

2

3

4

 

Главное меню

Видео уроки

1

Call-center «111»

1

Казахстан - Страна Великой Степи

1

Фонд социального медицинского страхования

Министерство здравоохранения Республики Казахстан