«Цифрлы оқу орны» инновациялық жобалар байқауы
07.06.2018 16:49

Бүгін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында облыстық «Цифрлы оқу орны» инновациялық жобалар байқауы өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тірек еткен байқауға 14 колледжден 27 үміткер қатысып, өз жобаларын ұсынды.

 

Білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті бұл байқауды тұңғыш рет ұйымдастырып отыр. Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Райгүл Қуаншалееваның айтуынша, аталмыш байқау бес жыл қатарынан өткізілетін болады. – Елбасымыз биылғы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағытында «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптармен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы бағдарламаларды жаңарту керекпіз» деп атап өткен болатын. Бүгінгі байқау осы орайда өткізіліп отыр. Мақсаты – студенттердің инновацияға деген қызығушылығын арттыра отырып, цифрлық сауаттылықтарын дамыту және үздік инновациялық жобаларды анықтау. Жобаны даярлау барысында креативті ізденісті ынталандыру болып табылады, - деді Р.Тілекқабылқызы.
Ұйымдастырушы тарап студенттердің жобаларын «Мәліметтер базасын әзірлеуде үздік жоба», «Электронды-цифрлық ресурс әзірлеу саласындағы үздік жоба», «Мобильді қосымшаларды әзірлеу саласындағы үздік жоба», «Үздік анимациялық жоба», «Дамыту ойындарының үздік жобасы (әлеуметтік желілер үшін)» секілді бес бағытты басшылыққа алып, қабылдауға бекінген екен. Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде байқаудың салтанатты ашылуынан кейін төрешілер алдында жас қатысушылар өз жобаларын екі секцияға бөлініп қорғады.
Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялар колледжінің «Есептеуіш техникасы және бағдарламаны қамтамасыз ету» мамандығының 2-курс студенті Саламат Қонақбай «Бағдарламалау әлеміндегі адамдар» атты анимациялық жобасын алып келіпті. - Жобамды Macromedia Flash бағдарламасымен жасадым. Мұнда компьютердің дамуы, бағдарламалау әлеміндегі адамдар – бағдарламашылар туралы айтылған. Олардың қасиеттері, өмірлік ұстанымдары көрсетілген. Мақсаты – жас бағдарламашылар, мектеп оқушылары компьютердің пайда болу тарихы туралы өз білімдерін арттыра алады. YouTube-та өзімнің жеке каналым бар. Соған жүктейтін боламын. Мамандығым бағдарламашы болғаннан кейін осындай жобаларды сабақ үстінде жасап жүрдік. Содан әрі қарай көрген-білгенімді күрделендіріп, бүгін, міне, байқауға қатысып отырмын. Еліміздің алдында тұрған міндет - 30 елдің қатарына кіру үшін жастар ғылым мен техниканың тілін меңгерген, жан-жақты болуы шарт, - дейді үнемі ізденіс үстінде жүретін Саламат.
Ал Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Асылхан Әжімұраттың жобасы - «Латын әліпбиі» электронды оқу құралы» деп аталады. Adobe Flash бағдарламасымен жасалған жобаны бастауыш сыныптан бастап жоғары сынып оқушыларына дейін пайдалана алады. Балалардың латын әліпбиін еске сақтауы үшін қажеттілігімен құнды жоба қолданушысын арнайы анимациялармен қызықтырады. Мұнда 32 латын қарпі және өз пернетақтасы бар. Жобада 16 тапсырма берілген. Осының бәрін жан-жақты ойластырып, бағдарламаға енгізген Асылхан бұған дейін де облыстық байқауларда көзге түсіп жүрген өнертапқыш жастардың бірі.
Әділ қазылар алқасының кеңесуімен сәтті шыққан жобалар өз бағаларын алды. Бірінші секцияда I орын – «Дамыту ойындарының үздік жобасы» бағыты бойынша «ЛатынҚаз» ойыны тақырыбындағы жобасы үшін Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Андас Қажимовқа берілді. II орынға - «Үздік анимациялық жоба» бағыты бойынша «Қазақ ұлттық ойындары» тақырыбында жобасын қорғаған Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің студенті Шайхиев Марсель лайық деп танылды. III орын - Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Әлішер Байденовке бұйырды. Ол «Мәліметтер базасын әзірлеуде үздік жоба» бағыты бойынша «Жатақхана» мәліметтер қорын басқару жүйесі» тақырыбындағы жобасын ұсынған болатын.
Екінші секцияда І орынды – Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Асылхан Әжімұрат колледж қоржынына салды. Асылхан электронды-цифрлық ресурс әзірлеу саласындағы үздік жоба (электронды оқулықтар, электронды оқу құралдары) бағыты бойынша «Латын әліпбиі» электрондық оқу құралы тақырыбында жобасымен дараланды. «Электронды-цифрлық ресурс әзірлеу саласындағы үздік жоба» бағытын таңдаған Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінің студенті Ізтлеуова Әсем “Компьютерлік желі және желілік технологиялар” пәні бойынша электронды оқу құрал тақырыбындағы жобасымен ІІ орынды алды.
III орын - «Мобильді қосымшаларды әзірлеу саласындағы үздік жоба» бағыты бойынша "Теректі колледжі" ақпараттық мобильдік нұсқасы тақырыбында жоба дайындап әкелген Теректі колледжінің студенті Жанаргүл Еркебайға тиді. Тың идеяның қашан да табысты бизнеске жетелейтіні мәлім. Ендеше, жастарымыздың осындай жобалары келешекте өзгеге де, өзіне де пайда әкелетініне еш күмәніміз жоқ. Біз сіздерден бұдан да керемет, жаңашыл, заманауи инновациялық жобалар күтеміз. Іске сәт!

1

2

3

 

Главное меню

Видео уроки

1

Call-center «111»

1

Казахстан - Страна Великой Степи

1

Фонд социального медицинского страхования

Министерство здравоохранения Республики Казахстан