Сәлем саған, Астана! |
01.06.2018 15:49 |
Бүгін қаламызда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Сәлем саған, Астана!» атты балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдері және оркестрлерінің шеруі үш мыңнан астам жастың қатысуымен өтті. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеяны іске асыру жағдайында жастар арасында рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбиені дамытуға арналған кең ауқымды шараға облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов арнайы қатысып, балалар мерекесіне орай құттықтау сөзін арнады. – Мұндай шара елімізде екінші мәрте өткізіліп отыр. Астанада және Қазақстанның басқа қалаларында да бүгін осындай шеру өтіп жатыр. Бірлігімізді нығайтуға бағытталған шеру жыл сайын дәстүрге айналып, балалар үшін ең жарқын оқиға ретінде есте қалады деген үміттеміз, - деді М.Сатқанов. Шерушілер Әбілхайыр хан даңғылымен С.Датов көшесінің қиылысынан Тұңғыш Президент атындағы жаңа алаңға дейінгі аралықты сән-салтанатпен жүріп өтті. Қала көшелері сан алуан түске боялып, қызыл, сары, көк түсті киімдерімен менмұндалаған жауқазын жастарға толды. «Шексіз балалық шақ», «Ұлы дала саздары», «Рухани жаңғыру», «Аялаған Астана!», «Жаса, Қазақстан!» деген атаулармен сап түзеген үрлемелі және соқпалы, ішекті аспаптар ансамбльдері, барабаншылар, мажореткалар, черлидерлер, патриоттық клубтар, хор және би ұжымдарын Тұңғыш Президент атындағы алаңда қала тұрғындары, мәдени-көпшілік шараны тамашалауға жиналған жұртшылық қуана қарсы алды. |