"Жұлдызайдың" аясы кеңейді
Tuesday, 10 April 2018 16:26

Бүгін кешегі мәнді шара жалғасын тауып, «Жұлдызай» спартакиадасы Оқушылар сарайында өтті. Облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған шараны бұл күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдап әкетті. Спартакиаданың ашылу салтанатына «Жұлдызай» корпоративті қоры директорының орынбасары Алмагүл Сәлімбаева қатысып, ерекше білім мен тәрбиені қажет ететін ұландарға сәттілік тіледі. Алмагүл Аманжолқызы «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі тұңғыш рет 76 қатысушымен шымылдығын түрсе, өткен жылы олардың саны 8 мыңға жетіп жығылғанын, болжамды санайғақ бойынша, биыл қатысушылардың саны одан да асып түсетінін айтып өтті. Республикалық көлемде екінші жыл өткізіліп отырған «Жұлдызай» спартакиадасының да ғұмыры ұзақ, қадамы қарымды боларына сенім білдірді.

Кеше шығармашылық фестиваль алты бағыт бойынша өтсе, бүгінгі спартакиада спорттың бес түрін қамтыды. Олар – жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, асық ату және бес тас. Бүгін асық ату сайысында ептілігімен, мергендігімен көзге түскен теректілік Нұржан Бисенғали спортты, соның ішінде қазақтың қанына біткен ұлттық спорт түрлерін ерекше жақсы көретінін көрсетті. Бұрын дорба-дорба асық жинап жарысатын, ала жаздай шаңы бұрқыраған ауыл көшелерінде жалаңаяқ асық атып, ләңгі тебетін қарадомалақтар қазір қаланың балалары секілді көкжәшікке телміретін әдет тапты ғой. Біз осы жәйтті алға тартып, асық ойынының түрлеріне қызығушылық танытқанбыз. - Асық қойдың, ешкінің асық жілігінен алынады. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы деп аталады. Асық ойынының түрлері көп қой. Мәселен, құмар, тәйке, омпы, алшы, хан, қақпақыл деп кете береді, - деп асықты да, ойын түрлерін де жақсы білетінін аңғартты Нұржан.

Кешелі бері барлығы 262 бала осы «Жұлдызай» фестивалінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Соның ішінде спартакиаданың облыстық кезеңіне аудандар мен облыс орталығынан 102 жеткіншек қатысып отыр. Жеңімпаздар 1 маусым күні елордамыз - Астана қаласында өтетін республикалық «Жұлдызай – 2018» спартакиадасына жолданатын болады.

1 2

3 4

 

Видео уроки

1

Call-center «111»

1

Kazakhstan Land of the Great Steppe

1

Открытое правительство

OpenGov

Фонд социального медицинского страхования

Министерство здравоохранения Республики Казахстан