Білім ұясы пайдалануға берілді |
02.04.2018 16:16 |
Бүгін - Деркөл тұрғындары үшін есте қалардық күн. Көкжиек шағын ауданынан көптен күткен 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Білім ұясының ашылу салтанатына жиылған ата-аналар, ұстаздар мен шәкірттер, кент ардагерлері алдында облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөз сөйледі. - Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған бұл мектептің ашылуын көптен күткеніңіз рас. Биыл ел игілігіне өтіп отырған бұл - екінші мектеп. Тек облыс орталығында емес, алдағы уақытта Бөкей ордасы, Зеленов, Теректі, Ақжайық аудандарында білім ұялары ашылатын болады. Мұның бәрі - Елбасының білімге деген қамқорлығы. Тек біздің өңірді айтар болсақ, бюджетіміз соңғы үш жылда 20 млрд.қа көбейді. 2015 жылы – 47 млрд., 2016 жылы - 57 млрд., 2017 жылы 65 млрд.-пен жылды тәмамдадық. Білім саласында биылғы жылы да ауқымды жоспарларымыз бар. Мақсат – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Әрине, білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін мұғалімдеріміздің білімі, біліктілігі жоғары болуы керек. Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес білім беру мазмұны жаңа форматқа көшкен мұғалімдердің жалақысы көбейетін болады. Оған республикадан тиісті қаражат күтіп отырмыз, - деді Алтай Сейдірұлы. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова Деркөл ауылында орналасқан №12 мектептің бұған дейін үш ауысымда оқытып келгенін жеткізді. Ал есігін бүгін айқара ашқан жаңа мектепке ұстаздарымен бірге 400-ге жуық бала көшіріліп отыр. - Ұтарымыз, №12 мектептегі үш ауысымдық оқыту жойылады. Елдімекенге халықтың көп қоныстануына байланысты №48-ші мектеп өз қызметін толықтай атқаратын болады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерде мектепке дейінгі тәрбиемен қамту – өзекті мәселенің бірі. Соған орай білім үйінен жүз орындық шағын орталық ұйымдастырылады, - деді Жансұлу Менешқызы. |