Жолдауға үн қосты
01.03.2018 18:33

Бүгін түстен кейін Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауын талқылауға арналған білім саласы қызметкерлерінің актив жиыны өтті. Актив отырысына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты. Осы жиында білім беру жүйесі қызметкерлері мен сала ардагерлері алдында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова баяндама жасады.

- Адами капиталды дамыту елімізде ең маңызды бағыт боп саналады. Елдің бәсекеге қабілетті болуы және дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін осы бағыттың рөлі ерекше. Жолдауда Адами капиталды дамыту бойынша бірнеше міндеттер белгіленген, - дей келіп Шолпан Маратқызы оларды жекелеп атап өтті. Олар -  балаларды ерте дамыту, жаңа бағдарламалар жасау, латын алфавитіне көшу; орта білімде жаңартылған білім беруге көшуді жалғастыру; жоғары сыныпта кейбір пәнді ағылшын тілінде оқыту; балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру; педагогтардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, мұғалімдердің жалақысын көбейту; цифрландыру, жоғары сапалы Интернет; «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыру.

Бұдан әрі басқарма басшысы  Жолдауда 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай  мектепке дейінгі білім беру саласында  балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу туралы тапсырма берілгенін, облысымызда мектепке дейінгі білім беру ісімен мемлекеттік үлгідегі 148 балабақша, 240 шағын орталықтар, 59 балабақша – мектеп кешендері және мемлекеттік емес үлгідегі 43 мектепке дейінгі ұйым  жұмыс жасап, оларда 1-6 жас аралығында 74,2 %-ы, 3-6 жастағылардың 99,9 %-ы тәрбие мен білім алуда екенін айтты. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ағымдағы жылы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту көрсеткіші облыста 100 %-ға жеткізу қажет болса, бұл көрсеткішке жету үшін 19 мектепке дейінгі ұйымның ашылуы  жоспарланса, оның 15-і жеке. Мектепке дейінгі мекемелерде сапалы білім мен баланың интелектуалдық қабілеттерін толықтай дамыту үшін облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында білім сапасын арттыруда педагогтар тарапынан  балалар дамуының барлық бағыттары бойынша «Сиқырлы қалам», «Ақылды балапан», «Кішкентай тілмаш», «Электронды қазақ үй» оқу-танымдық кешендері, «Дьенеш логикалық блоктары», «Кюизенердің түрлі түсті санамақ таяқташалары», «Фребель сыйы» оқу-ойын кешендері, т.б. инновациялық технологиялар қолданылуда.

2016 жылдан бастап барлық мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарында қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылатын көптілді білім беру бағдарламасының элементтері кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары қолға алынуда.

Мектепке дейінгі ұйымдарының тәрбиеленушілері арасында «Жас математик» байқауы, «Жас Ұлан» білім беру жобасы, «Робот техникасы», «Жас техник», шахмат үйірмелері жұмыс жасауда.

Ағымдағы оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде мектепалды даярлық сыныптарында «Әліппе» оқулығы мен оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізу жұмыстары жүргізілуде, - деген Шолпан Маратқызы: - Біздің алдымызда мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру   процесінің сапасын арттыру бойынша шараларды ұйымдастыру; мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын табысты іске асыруға ықпал ету; білім беру процесін ұйымдастыруға заманауи талаптарды ескере отырып материалдық-техникалық базаны жақсарту; жаңартылған мазмұнға сәйкес педагогтардың кәсіби құзіреттілігін арттыру міндеттері тұр, - деп атап көрсетті.

- Биылғы оқу жылынан бастап орта білім саласында оң өзгерістер енгізілді: ата-аналардан, мұғалімдерден келген сұраныстарды қарастыра отырып, оқушыға деген жүктеме азайтылды. Жан-жақты қарастырылып, үйге берілген тапсырманы орындаудың ұзақтығы 130 минуттан аспауы керектігі туралы норма министрліктің бұйрығымен бекітілді.

Бескүндік оқу жүйесіне көшуге нормативтік негіздеме жасалды. Егер мектепте барлық жағдайлар жасалса, оның ішінде кабинеттер саны жеткілікті болса, мектепте бір немесе екі ауысымда оқып, оқу процесін толыққанды ұйымдастыру мүмкін болса, бес күндік оқу аптасына көшу туралы шешімді білім беру ұйымының әкімшілігі, ата-аналар комитеті, сондай-ақ қамқоршылық кеңестің келісімімен қабылдайды.

Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтуға байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдарының жеке санаттағы педагог қызметкерлері жүргізу үшін ұсынылатын құжаттардың тізбесін анықтау туралы» 2018 жылғы 26 қаңтардағы №32 бұйрығымен мектептердегі мұғалімдердің, сынып жетекшісінің, директордың орынбасарларының қызметтік міндеттемелеріне сәйкес жүргізу үшін ұсынылатын құжаттардың тізбесі бекітілді. Мысалы, мектеп мұғалімдері тек 5 құжат толтырады (сынып журналы, күнтізбелік-тақырыптық немесе орта мерзімді жоспар, сабақ жоспары (қысқа мерзімді жоспар), тарау бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмалары, күнделіктер).

2016 жылдан бастап республика көлемінде сынып журналдарының электронды нұсқасы Күнделік.kz сайты жұмыс жасауда. Сондықтан, аталған жобаға қосылған мектептерден қағаз нұсқасындағы журналдарды жүргізу талап етілмейді. Сонымен қатар, ҚР «Білім туралы» Заңы және жоғарыда бұйрықпен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог кадрлардың өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді,  - деді.

Елбасы өз Жолдауында «Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі», - деп атап өтті.  Осы тапсырманы орындау мақсатында Орал қаласындағы оқушылар мен жастар сарайында ағымдағы жылы балалар технопаркін ашу жоспарлануда.

Елбасы Жолдауында атап көрсетілген оқушыларды ғылыми-зерттеу бағытында дамыту үшін шағын балалар технопаркі мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, өнеркәсіп орындары, бизнес-құрылымдары арасындағы қарым-қатынастырын жақсарту қажет.

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жасақталды. Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында да цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру, үздік мұғалімдердің  сабақтарын Интернетте орналастыру қажеттілігін атап өтіп, бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашатындығын айтты. Облыста мектептерді интернет желісіне қосу, оларға жаңа цифрлік қондырғыларды орнату, электронды күнделіктерді пайдалану  бағытындағы жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі уақытта облыстың  жалпы білім беретін мектептерінің 87%-ы интернетке қосылған, оның 47,2%-ы сым желілері арқылы, 52,7%-і шектеулі трафикпен спутниктік байланыс арқылы қосылған. 2018 жылы облыстың мектептерін кеңжолақты интернетке қосу жұмыстары жалғасын табады. Мектептер Қазақстандағы электронды оқыту нарығын дамытушы «Bilim Media» инновациялық компаниясының білім ресурстарына қосылды.

Оқу барысын автоматтандыру технологияларына, он-лайн білім беру құралдарына және мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы қарым-қатынастың заманауи әдістеріне қол жеткізу мақсатында облыстың 144 мектебі Kundelik.kz электрондық журналына қосылса, оның 99-ы ауылдық, 45-і қалалық мектептер.  Қазіргі уақытта жүйеге 8 мыңнан астам мұғалім, 70 мыңға жуық  оқушы, 37 мыңнан астам ата-ана тіркелген.

Қазіргі уақытта облыстың 159 мектебі «Робот техникасы» құрылғыларымен қамтамасыз етілсе, курстармен 5 мыңнан астам оқушы қамтылған.

2018 жылы ақпараттандыру орталығы жанынан «Rodoland» атты роботты техника кабинеті ашылды, оқушылар және мұғалімдер үшін апталық курстар өткізілуде.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс орталығында IT-лицейін ашу жоспарлануда. Лицейдің мақсаты- кәсіби, коммуникативті дағдыларды меңгерген, IT технологиялар саласындағы көшбасшыларды дайындау болып табылады.

Жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің арасында мәліметтер іздеу уақытын қысқарту мақсатында  Батыс Қазақстан облысының бірыңғай ақпараттық порталы жасақталды. Бұл порталда барлық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектерінің бірыңғай деректер базасы енгізіліп, олардың жұмысқа орналасуларына ықпал етеді.

Интернет желісі шектеулі немесе интернетке қосылмаған мектептерге сапалы білім беру контентін ұсыну, сонымен қатар ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасын теңестіру мақсатында барлық 223 шағын жинақты мектептер Bilimbook компьютер-трансформерімен қамтамасыз етіледі.

Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді басшылыққа ала отырып, облыс көлемінде интернетке қатынау мүмкіндігі жоқ мектептерді интернет желісіне қосу, жылдамдығын арттыру жұмыстарын және педагогтердің цифрлік қондырғыларды, электрондық білім ресурстарын оқу-тәрбие процесінде тиімді пайдалану мақсаты қойылады.

Елбасы Жолдауында жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет деп атап көрсетті.

Облысымызда барлығы 38 мемлекеттік және мемлекеттік емес колледждер жұмыс жасап, оларда 19 мыңнан АСТАМ жастар білім алуда. Олардың 10678-і тегін білім алса, 5093 –і жұмысшы мамандықтарын игеруде.

26 колледждерде 78 кәсіпорындармен бірлесіп технологиялық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша дуальды оқытумен 1657 студент қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда дуальды оқытуды енгізген колледждердің саны 4 бірлікке және кәсіпорындардың саны 11 бірлікке  артты.

Оқытудың екі деңгейлі моделінің модульдік бағдарламаларын енгізу үшін соңғы екі жылда 351 педагог және 18 колледж басшылары біліктілік арттыру курстарынан, 16 жас маман Ұлыбритания, Малайзия, Чехия, Финляндия елдерінде 1 айлық тағылымдамадан өтті.

Үштіліді білім беру шеңберінде инженер-педагогикалық қызметкерлер ағылшын тілін меңгеру курстарынан өтіп, арнайы пән және информатика сабақтарында ағылшын тілінде оқыту элементтерін пайдалануда.

Сонымен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандарды даярлайтын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында заман ағымына сай цифрлы технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда,   колледждерде интерактивті тақта мен модульдерді, сандық бағдарламамен басқарылатын құралдарды, электронды тренажерларды  оқу процесінде кеңінен пайдалануда. Мысалға 4 колледждегі 8 интерактивті  модульдер арқылы студенттер 3D өлшемдік кеңістікте кез-келген құрылғыны көре алады.

Жұмысшы мамандығының беделі мен кәсіби даярлық сапасын арттыру мақсатында өңірімізде жыл сайын «WorldSkills Kazakhastan» чемпионатын өткізу кең өріс алуда.

Қазақстан Республикасындағы  техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының арасындағы аймақтың салалық бағытына сәйкес Батыс Қазақстан индустриалды колледжінде машина жасау саласы бойынша құзыреттілік   орталығын ашу жұмыстары жүзеге асырылуда.Біз алдағы уақытта өңірдің индустриалдық-инновациялық дамуының басымдықтарына сәйкес колледждерде жоғары білікті мамандарды даярлауды одан әрі жетілдіру мақсатында     бірнеше құзыреттілік орталықтарын құруды іске асыруымыз қажет.

Осы жобаны іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуді көздейді:

- техникалық және кәсіптік білім берудің барлық жүйелеріне озық тәжірибені енгізу;

- түлектер дағдыларының еңбек нарығының талаптарына және WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкестігі;

- жұмыс беруші кәсіпорындардың құзыреттілік орталықтардың дамуына қатысуын жетілдіру;

- дуальды оқытуды дамыту;

- жұмысшы мамандығының мәртебесін орталықтар    арқылы  жастар арасында кеңінен көтеру әрі насихаттау  болып табылады.

«Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деп атап өтті Елбасы өз Жолдауында.  Әлем жаһандық сын- қатерлерлер кезеңіне тап  болып отыр. Бұл жаңа технологиялық жетістіктер мен инновациялық жаңалықтарды енгізу, ІТ-технологиялардың қарқынды дамуы және адам ресурстарының ұтқырлығы. Сондықтан білім өзгерістердің алдыңғы қатарында болуы тиіс.

Біздің әрқайсысымыздың Елбасы Жолдауын  жүзеге асыруға қосар үлесіміз зор және Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың білім саласы алдына қойған жоғары мақсаттарына табысты қол жеткізетінімізге сенімдіміз, - деп сөзін түйіндеді өңірдің білім саласын басқарып отырған Шолпан Қадырова.

Актив жиынында қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ж.Төремұратова, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, №4 мектептің директоры Лаура Маметанова, Бөкей ордасы колледжінің директоры Бағдат Лұқпанов, тағы басқалары сөз сөйледі. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қорытындылап, ұстаз мәртебесін көтеруге қоғами көзқарасты орнықтыруға шақырды және білім саласындағы өзгерістердің маңыздылығын, ауқымдылығын тілге тиек етті. Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген актив отырысының соңында НЗМ оқушылары білім саласының ардагерлеріне гүл шоқтарын беріп, концерттік бағдарламаларын ұсынды.

1 2

3 4

 

Государственные символы

4.0

1

1

1

1

logo

1

Ссылки

akorda.kz

e.gov.kz

edu.gov.kz

portal.edu.bko.gov.kz

expo2017astana.com/kz

bolashak.gov.kz

minfin.gov.kz

halyk-ipo.kz

adilet.zan.kz

bilimdinews.kz

www.expert.okulyk-edu.kz

fincenter

fincenterz

Статистика


Главное меню

Видео уроки

1

Call-center «111»

1

Казахстан - Страна Великой Степи

1

Открытое правительство

OpenGov

Фонд социального медицинского страхования

Министерство здравоохранения Республики Казахстан