Білім саласы инвесторларды күтеді
26.02.2018 15:32

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік - кәсіпкерлерді түрлі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа белестерге шығаруға мүмкіндік беретін ірі жоба. Елдің инфрақұрылымын дамытуға жеке капиталды тарту арқылы тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясын кеңейту қажет. Бұл орайда әлеуметтік саланың басым бағыттарының бірегейі – білім саласына инвестиция тарту да маңызды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің өңіріміздің білім саласында жүзеге асуы жайлы Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының экономикалық талдау және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Самиғолла Сүлейменов әңгімелейді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі – экономиканың барлық саласында кеңінен қолданыла бастады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы ҚР-ның Конституциясына, Азаматтық Кодекске, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік заңнамаларына, сонымен қатар басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асады. Жеке инвесторлар үшін елімізде қолайлы жағдайлар жасалып, мемлекет заңнамалық базаны жетілдіруге баса көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда біртіндеп жолға қойылып келеді. Алайда, жемісін берді деп айтуға әлі ертерек. Біз барлық аудандық білім бөлімдерімен басқармаға тікелей бағынысты мекемелерге МЖӘ тәсілімен инвестор тарту арқылы жүзеге асырылатын жоспарланған және жоспарланатын жобалар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінгі таңда Орал қаласы және Ақжайық, Сырым, Бөкей орда,Тасқала аудандары кәсіпкерлерімен түсіндірме жұмыстары атқарылды. Сең қозғалды, мардымсыз болса да нәтиже бар. Аталмыш аудандардың білім беру бөлімдерінің басшыларына мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жоспарланған балабақшалар құрылысын салу және ұстау бойынша жер телімдерін заңға сәйкес тіркеуден өткізу жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Қазір Тасқала ауданы, Тасқала аулындағы Сәтбаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу және сервистік қызмет көрсету бойынша бүгінгі күні жеке әріптес айқындалды, бүкіл заңнамалық қағидаларды сақтай отырып, байқау өткізілді. Алайда келіссөздер кезінде келісімшарт талаптарына қатысты мәселе туындап, оны заңдастыру жағы қарастырылу сатысында.

Жалпы мемлекеттік-жекешелік әріптестік үдерісінің жүргізілу барысына келсек, әр жобаның сипаттамасы әртүрлі. Жобаның сипаттамасына қарай мемлекет тарапынан қолдаулар қарастырылған. Мәселен, жеке әріптес 100 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстарын атқарды делік. Ғимаратты толықтай іске қосу үшін (қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қосқанда) шамамен 300 млн. теңге қаражат қажет етіледі. Мемлекет пен жеке кәсіпкер арасында үш жылдан отыз жылға дейінгі ұзақмерзімді келісімшарт жасалады. Конкурстың талабына сәйкес, жобаға жұмсалатын қаражаттың 40 пайызы өз қалтасынан шығарылса, қалған 60 пайызына қол жеткізу үшін заңнамаға сәйкес банктен несие рәсімдейді. Банктен алған қаражат мөлшерінің пайыздық сыйақысын мемлекет тарапынан төлеу көзделген. Бұл да жобаны іске қосу үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың бірі. Кейбір жеке кәсіпкерлер МЖӘ-нің жүзеге асу тетіктерін әлі де түсінбейді. Қаражаттың белгілі бір бөлігін тапсам, қалғанын Үкімет береді деп санайды. Бұлай емес. Мәселен, бір жобаның құны шамамен 220 млн. теңгені құрады. Бекітілген конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес байқауға қатысушы жобаның жалпы құнының 40 пайызын ұйымдастырушыға ұсынуы керек болды. Алайда үміткердің ұсынған қаражаты байқау талаптарына сәйкес келмеуі себепті конкурсты жүргізу рәсімі тоқтатылды.

Байқауды ұйымдастырушы жасақталған конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес жеке әріптестің инвестициялық шығындарын келісімшартта көрсетілген мерзімде өтейді. Сонымен қоса мемлекет тарапынан нысанның сипаттамасына орай барлық эксплуатациялық шығындарын және мемлекеттік обьектіні басқарғаны үшін сыйақы төленеді. Төленетін барлық шығындар да айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне сәйкес іске асып отырады. Бұл жерде жеке әріптестің бизнесін ұзақ мерзімге дамытуға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуіне мүмкіндік беріліп отыр. Қарауындағы жұмысшылар нәпақасын айырып, отбасын асырайды және Үкіметке салық төлейді. Қаржы бюджетке қызмет жасап, айналымда жүреді. Әрі ел экономикасы дамуда, әрі қазынаға қаржы құйылуда. Бұл жерде үдеріс қос тарапқа да тиімді.

Әзірге білім саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жобалар жоқтың қасы. Жұмыс енді жанданып келеді. Тіпті шалғай аудан-ауылдарда балабақша, мектеп саламын дейтін рухты кәсіпкерлер там-тұмдап бой көрсете бастады. Әрине, оның қажеттілігін нақтылап, елдімекеннің демографиялық ахуалын зерттеп-зерделейтін - білім басқармасы. Бұған дейін жоспарлап қойған балабақшаларымыздың жобалау құны 700 млн. теңгеден басталғандықтан, қомақты қаражат салатын инвестор табылмады. Бұл жобаға қызығушылық танытушылардың көбісі «Үкімет маған ақша береді, мен соны жаратамын» деген жаңсақ пікірдің жетегінде келеді. Сондықтан да біз жеке кәсіпкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Жалпы жүзеге асырылатын жоба бойынша жеке әріптесті айқындау мақсатында конкурс заңға сай облыстық білім басқармасының сайтына және мерзімді басылым беттеріне жарияланады. Нысан, мүлік мемлекеттің теңгерімінде болған жағдайда МЖӘ жобалары осы тетік арқылы іске асады.

Ал жеке әріптес мемлекетке өз ұсынымымен шыққан жағдайда оның өрбу жолдары басқаша. Меншігіндегі мүлікті немесе ұзақ мерзімге жалға алынған нысанды ұсыну үшін тікелей келіссөздер жүргізуші, яғни БҚО білім басқармасына жолығып немесе хат жолдау арқылы өтінім береді. Басқарма мамандары жеке әріптеспен ұсынылған нысанның мүмкіндігін саралайды. Мемлекет тарапынан қолдау тетіктерін қарастырады. Егер де қосымша сұрақтар туындаса ұсыныс иесіне хат жолданып, өтінім толтыруы сұралады. Өтінім иесі сұратылған ақпаратты келіссөз жүргізушілермен көрсетілген мерзімнен кешіктірмей ұсынуы тиіс, уақтылы ұсынбаған жағдайда келіссөздер тоқтатылады. Атап айтсақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру қағидаларында (ҚР Ұлттық экономикалық министрлігінің 25.11.2015 жыл №725 бұйрығында) көрсетілген талаптар бойынша жұмыс жалғасады.

Бұл орайда Елбасымыздың «Біз сіздерге өз кәсіптеріңізді жандандырып, аяқтарыңызға тұрып кетуге көмектестік, қолдау көрсеттік, енді шаруаларыңызды өрістетіп, дәулеттеріңізді молайтқан тұста мемлекет те сіздерден экономиканы қарышты дамытуға көмектесулеріңізді талап етуге құқылы» деп кәсіпкерлерді мемлекеттік-жекешелік әріптестікке белсенді қатысуға шақырғаны ойға оралады. Ендеше, туған өлкесіне, еліне қол ұшымды беремін деген қалталы азаматтар әріптестіктің пайдалы жағын түсініп, қолдайды деген үміттеміз. Ал бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жандандыруға облыстық білім басқармасының мамандары мүдделі.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жолымен инвестор атануға ниетті заңды немесе жеке тұлғалар жобаның іске асу тәртіптерін толықтай білу үшін БҚО білім басқармасының 209-кабинетіне аяқтай келуіне немесе 26-04-78 телефон нөмірі арқылы хабарласуына болады. Білім саласы инвесторларды күтеді!

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі

 

Государственные символы

4.0

1

1

1

1

logo

1

Ссылки

akorda.kz

e.gov.kz

edu.gov.kz

portal.edu.bko.gov.kz

expo2017astana.com/kz

bolashak.gov.kz

minfin.gov.kz

halyk-ipo.kz

adilet.zan.kz

bilimdinews.kz

www.expert.okulyk-edu.kz

fincenter

fincenterz

Статистика


Главное меню

Видео уроки

1

Call-center «111»

1

Казахстан - Страна Великой Степи

1

Открытое правительство

OpenGov

Фонд социального медицинского страхования

Министерство здравоохранения Республики Казахстан