Қаржы орталығы |
Бүгінде лайықты білім алудың және академиялық білімнің маңызын асыра бағалау мүмкін емес. Тұлғаның қалыптасуында олардың алар орны ерекше екені сөзсіз. Қазіргі таңда адам білімінің деңгейін оның ақыл-парасатының шамасымен бағалау қалыпты құбылыс. Яғни, оның IQ-і неғұрлым жоғары болса, білімі де соғұрлым жоғары деген сөз. Алайда, соңғы ондаған жылдарда адамды оның миындағы реакциялар жиынтығы мен ой-өрісінің деңгейі бойынша емес, эмоцианалды және шығармашылық тірі ағза ретінде бағалаудың тұрақты үрдісі де қалыптасып келеді. Осының аясында тұлғаны бағалаудың жаңа шамасы – EQ – эмоционалды интеллект коэффициенті пайда болды. Адамның өз ресурстары мен білімін пайдалану қабілеті де осыған негізделеді. Күн сайын қай қайсысымыз болмасын өз эмоцияларымызбен іштей таласқа түсіп жатамыз. Бір қызығы, адам миы әрқашан сезімге берілгіш келеді. Міне, сондықтан беделді ЖОО-дан алған үздік дипломның өзі өмірде табысқа жетудің кепілі бола алмайды. Өз біліміңді ұтымды қолдану, өзіңді көрсете білу, айналаңды қорғай білу, қарым-қатынас түзеу – осының бәрі үздіксіз алға қозғалудың құрамдас бөліктері. «Болар бала бесіктен», «Ұяда не көрсек, ұшқанда соны ілерсің» демекші бала кезімізден қалыптасатын мінез-құлқымыз, алатын тәрбиеміз, біліміміз ересек өмірімізге негіз болады. Міне, эмоционалдық интеллекті де сол балалық шақтан ерте қалыптаса бастайды. Ол қалай қалыптасады және оны кім қалыптастырады дейсіздер ме? Оның қалыптасуына біздің ата-анамыз бен отбасымыздағы қарым-қатынас зор ықпал етеді... Елімізде соңғы жылдары енгізіліп жатқан білім беру жинақтау жүйесінің қаржылық ұтымдылығынан басқа, моральдық жағынан үлкен бір артықшылығы бар. Ол әрбір азаматқа өзін қамқор да, сүюші ата-ана ретінде көрсетуге, ал балаға олардың қамқорлығын сезініп, ертеңгі күнге нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Өйткені, егер балаларымызға көбірек көңіл бөліп, олардың біз үшін маңыздылығын көрсете білсек, олардың да өздеріне және жалпы өмірге деген сенімділігі күшейетіні анық. Өкінішке орай, бүгінде тегін білім алуға үміт те, грантқа оқуға түсуге мүмкіндік те аз. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын қазақстандық түлектердің саны шамамен 150 мың адамға жетеді, олардың 30-35 мыңы ғана грант бойынша оқиды. Демек, мектеп түлектерінің 75%-ға жуығы ақылы негізде білім алады. Білім беру жинақтау салымдарының жүйесі бірегей болып табылады, өйткені кеңес дәуірінен кейінгі елдердің ішінде ол тек Қазақстанда ғана енгізілген. Шетелде оны 9 шақты елде қолданылады, олардың ішінде АҚШ, Англия, Канада, Сингапур. Депозиттер жүйесі, салыстырмалы түрде алғанда, қолданылу қарапайымдылығымен қызықтырады. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін бар-жоғы екі құжат – ата-ананың жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігі ғана қажет. Бастапқы жарнаның сомасы әрбір орташа статистикалық отбасына қолжетімді және бар-жоғы 3 АЕК-ті құрайды. Бұл шамамен 6 000 теңге. Жарналар кезеңділігіне деген ешқандай тәуелділік жоқ, яғни әрбір салымшы өз депозитін қашан және қанша сомаға толтыратынын өзі шешеді. МБЖЖ-ның тағы бір үлкен артықшылығы – жарна енгізушілер ортасына шектеу қойылмаған. Демек, кез келген туысыңыз немесе досыңыз депозит ашылған банктің кез келген бөлімшесінде шотты толтырып, осылайша балаңыздың болашағына өз үлесін қоса алады. Бүгінгі таңда мұндай депозитті еліміздегі төрт банкте, атап айтсақ: Fortebank, БТА банкі, Халық банкі және, Цеснабанкте ашуға болады. Алдағы уақытта бұл банктердің қатары көбейе түспек. Әр банктің депозит бойынша 8%-дан 10%-ға дейін өз сыйақы мөлшерлемесі белгіленген. Сонымен қатар, жыл сайын банктің сыйақысын қосқандағы салымда жинақталған сомаға салымшының әлеуметтік жағдайына байланысты 5% немесе 7% мөлшерде мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. 7% мөлшеріндегі көтеріңкі сыйлықақы жетім балаларға, мүгедек балаларға, сондай-ақ көп балалы отбасылардан шыққан балалар мен аз қамсыздандырылған отбасыдан шыққан балаларға төленеді. Мұндай депозиттегі жинақтардың барлығы біртіндеп көбейе береді, яғни мемлекет сыйлықақысы жалпы өткен кезең үшін жинақталған жалпы сомаға есептеледі. Осылайша, жинақтау мерзімінің соңында салымшы өзінің оқудың ақысын төлеуге жұмсайтын шығындарын кемінде 30-40%-ға қысқарта алады. Кейін бала колледждің немесе ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түскен жағдайда банкке оқу орынмен жасалған шарттың көшірмесін ұсыну қажет. Шарттың көшірмесін алғаннан кейін банк салымшының жинақтаған қаражатын оқудың төлемі ретінде оқу орынның есепшотына тікелей аударып тұрады. Бала грантқа оқуға түскен жағдайда салымшы жинақтаған қаражатын банктің сыйақысымен және мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қолма қол ақша түрінде алуға; жинақты басқа баланың шотына аударуға; білімнің басқа деңгейлерін алуға, мысалға магистратурада оқуға қаражат жинақтауды жалғастыру үшін жұмсай алады. Білім беру жинақтау депозиттерінің тағы бір қызықтырар жағы – осы қаражаттың есебінен шетелде оқудың ақысын төлеуге болатындығы. Егер жинақталған қаражат жеткіліксіз, бірақ депозитте оқудың ақысын толық төлеуге қажетті соманың 50% бар болса, салымшы мемлекеттің 100% кепіл болуымен төменгі мөлшерлемелер бойынша кепілзатсыз кредит ала алады. Бірақ бұл шарт ҚР аумағында ғана білім алуға қолданылады. Бүкіл дағдарыс-күйзелістер мен кедергілерге қарамастан адам баласы болашаққа үміттің, ұмтылыстың негізінде әрекет етеді. Әр нәрсенің өз жалғасы бар. Ал біздің жалғасымыз – балалар! Болашақ осы жерде, осы қазір басталады, ертеңгі күнің сенімді болсын десең, бүгіннен баста!
Жол қадірін жүрген білер Ақша жинақтау ешбір адамды бей-жай қалдырмайтын мәселе, бірақ мұны істеу әрбіреудің қолынан келе бермейді. Бүгінде тапқан табысының бір бөлігін жұмсамай, оны тірнектеп жинақтауға құлықты адамдар кемде-кем. Оның үстіне кез келген уақытта, кез келген қажетіңе: блендер мен көліктен бастап жеке бизнесіңе дейін кредит ресімдеуге болады. Бұл өте ыңғайлы, әрі санаулы минутта жасалады, бірақ оны өтеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Біз қашанда бәріне бірден қол жеткізгіміз келеді. Өйткені, белгілі мақсатқа ақша жинақтау үшін жауапкершілік, тәртіп және төзім қажет. Ендеше ақшаны дұрыс жинақтауды қалай үйренуге болады және ол үшін қандай құралдарды пайдалану қажет? Несие ресімдегендей қаражатты да кез келген нәрсеге: ұялы телефоннан бастап лайықты білім алуға дейін жинауға болады. Ендеше бұл мақала осы білім алуға қаражат жинақтау жөнінде болмақ. Қазіргі таңда Қазақстанда келешекте білім алу үшін ақшаны үйдегі сандыққа немесе банктегі депозитке жай салып қана қоймай, оны арнаулы депозитте сақтап, көбейтуге бірегей мүмкіндік бар. Мұндай салымдар банктің сыйақысымен қоса мемлекет сыйлықақысымен көтермеленіп тұрады. 2013 жылдың маусым айында елімізде білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы халыққа қолдау көрсетудің жаңа бағдарламасы – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі іске қосылды. Аталмыш жүйе елімізде ғана емес, сондай-ақ шетелде білім алу үшін қаражат жинақтауға мүмкіндік береді. Жүйе іске қосылған бірінші жылдың қорытындысы әдетте мұндай жағдайда болатын орынды қорқыныш пен сенімсіздікке қарамастан, халықтың осындай жинақтауларға үлкен қызығушылығы барын көрсетті. Бұл жағдайда салымшыларды қызықтыратын басты сұрақ – салымның сақталуы және кепілдік мәселесі. Өкінішке орай, бұл өмірде ешкім ешнәрсеге жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Тіпті, жолдың арғы бетіне өтудің өзі қауіпті, әйтсе де біз мұны күнделікті жасаймыз. Бұл күнделікті қарбалас өмірдің талаптары. Осы ретте, заңмен салымды сақтаудың бірнеше амалдары қарастырылған. Атап айтсақ: депозиттің бұл түрі 10 млн. теңгеге дейінгі сомада Жеке тұлғалардың депозиттерін кепілдендіру қорымен сақтандырылған. Сондай-ақ, инфляция деңгейі жоғары болса, немесе экономикада басқа да өзгерістер орын алған жағдайда банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысының мөлшерлемелерін өсу жағына қарай қайта қарау мүмкіндігі Заңмен көзделген. Мәселен, 2013 жылы осы депозит бойынша банктің сыйақысы 6-8% болса, қазір ол 8-10%-ға дейін өсті. Жалпы, халық болашақта білім алуға жоспарлы түрде ақша жинақтау идеясын өте жақсы қабылдады. Осылай деуге бүгінде он мыңнан асқан салымшылардың саны негіз бола алады. Қазірдің өзінде еліміздің көптеген тұрғындары мұндай депозитті ашу үшін өте аз құжат қажет етілетіндігін біледі. Егер өз атыңызға білім беру жинақтау шотын ашқыңыз келсе, онда қолыңызда жеке басыңызды куәландыратын құжатыңыз болса жеткілікті. Ал егер шотты баланың атына ашатын болсаңыз, оның туу туралы куәлігі мен ЖСН қажет. Бұл депозитті жас ерекшелігіне қарамастан, ҚР-ның кез келген азаматы аша алса да, халық арасында ол «балалардың білім алуына арналған шот (салым)» ретінде кең танымал. Сондықтан да, өз балаларының болашағын өте ерте жастан жоспарлайтын ата-аналар тарапынан оған деген қызығушылық жоғары. Бүгінде мұндай депозитті әзірге тек 3 екінші деңгейлі банкте ашуға болады. Олар: БТА, Халық банкі және Цеснабанк. Әр банк жылдық 8% -дан 10%-ға дейінгі мөлшерде өз сыйлықақысын есептейді және бір жылда бір рет жинақталған жалпы сомаға 5%-дан 7% -ға дейінгі мөлшерде мемлекеттен сыйлықақы аударылады. Жақын арада жүйеге қатысушы банктердің қатарына еліміздің басқа да ірі банктері қосылмақ. Қажетті қаражатты жинақтау үшін отбасылық бюджетке үлкен ауыртпалық түсірмейтін белгілі бір соманы салымға салып отыру керек. Өзіңді немесе перзентіңді жоғары біліммен қамтамасыз ету үшін отбасыңа ауыр жүк түсірместен, білім беру жинақтау салымын ресімдеу арқылы мемлекеттің көмегімен қаражат жинақтауға болады. Ол үшін қатысушы банкке барып, менеджерден кеңес аласыз. Ол сізге қажетті соманы өзіңізге ыңғайлы мөлшерде, тез, әрі тиімді жинақтаудың амалдарын есептеп түсіндіреді. Жол қадірін жүрген білер... Жалпы, болашаққа жақсы ниетпен, үмітпен қараған әрбір азамат қазірден-ақ өзінің және өз балаларының лайықты білім алуын қамтамасыз ете алады, сондықтан мұны абыройлы мансапқа, табысқа және қоғам тарапынан құрметке жетудің кепілі ретінде қарауға әбден болады. Шариман Риад Сәлімұлы |